Күркетауық ортасында өлген бүркіт
…Күркетауықтың көп жұмыртқасының арасына бүркіттің бір жұмыртқасы қосылды. Күрке тауық оны білмей шайқады. Бүркіттің балапаны аман-сау жұмыртқаны жарып шықты. Ол күркетауықты анам деп танып, басқа балапандармен бірдей өсті. Бүркіт-балапан бітім-болмысының өзгешелігін өзі байқай алмады, ал, қасындағылар айтқан жоқ. Сол себепті, ол өзін кәдімгі күркетауықша сезініп өсті. Басқалардан денесі ірі, қанаты ұзын, сирағы қысқа болса да тауықпын деп ойлады. Сондықтан, ол да қайратты тырнақтарымен күл-қоқысты қопаруға машықтанды. Пышақтай өткір тұмсығымен құрт-құмырсқа теріп жеуге әдеттенді. Ақыр аяғында, тауықша қыт-қыттауды үйренді.
Бір күні ол аспаннан саңқылдаған қыранның дауысын естіді. Қорыққанынан жүрегі дүрс-дүрс соғып, тығылатын жер таппай қалды. Жоғарыға қараса, қанатын кең жайып бір үлке-е-н құс жайбарақат ұшып жүр екен. Таң қылып, әрі қызығып анасынан: «Анау қандай құс?» деп сұрады. Күркетауық оған: «Құс патшасы бүркіт деген осы. Бірақ, сен анау қыран сияқты қалықтап ұшам деп ойлама. Осы күркетауық қалпыңды сақта! Сен бәрібір бүркіт бола алмайсың!» деп ақыл айтты. Ол құптаған түрмен қыт-қыттады да қойды.
Расында тауық-бүркіт те анау қыран секілді көк жүзінде емін-еркін самғағысы келіп, қатты құмартты. Дүр сілкініп, саңқылдауға сан мәрте оқталды. Бірақ, өзінің қыт-қыттаған үнін, сүле-сопа жүрісін, болбыр-босаң қимылын қия алмады. Әрі айналасындағылардың мамыражай тірлігі оны әбден енжар еткен еді.
Ақыры сол бүркіт бүкіл өмірін күркетауық қалпында өткізіп, қор болып өліпті…
…Бұл ілгеріде жарық көрген мысал-әңгіме. Қырнап-жонып қайта назарға ұсындық. Неге? Осы күні өзін қазақ деп сезінбейтін, ұлтынан, тілінен, дінінен жеріп, тіпті, атамекенінен безіп кеткен қандасымыз көп. Сол бейбақтарды көргенімде күркетауық шайқап шығарған бүркіт туралы хикая еріксіз еске түсе береді. Қандай ұқсастық десеңізші…
(с) Төлеген Жәкітайұлы!